Балаларды қатыгездіктен қорғау
SOS Қазақстан балалар ауылдары біз жұмыс істейтін балалар мен жастардың денсаулығына, қауіпсіздігіне және болашағына толық жауапты. Біздің міндетіміз – қызметкерлеріміз, өкілдеріміз, жұмыс бағдарламалары мен форматтары балаларға зиян келтірмеуі және оларға ешқандай қауіп төндірмеуі үшін барлық қажетті шараны қолдану.
Біз балаларға немқұрайды немесе қатыгез қарауға болмайды деп сенеміз. Бұл біздің Балалар мен жастарды қатыгездіктен қорғау саясатымызда бекітілген. Бұл құжатқа Бала құқықтары туралы конвенция, Балаларға баламалы күтім жасау жөніндегі басшылық нұсқаулар және Keeping Children Safe халықаралық ұйымының балаларды қатыгездіктен қорғау стандарттары негіз болды.
SOS Балалар ауылдарын қорғау саясатында анық жазылған
Балалар мен жастарды қатыгездіктен қорғау саясатында біз байланыста болатын балалар мен жастардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына кепілдік беру үшін Балалар ауылдарының әрбір қызметкері, серіктесі, контрагенті және келушісі сәйкес келуі керек стандарттар бекітілген. Бұдан басқа онда қатыгез қарым-қатынас жағдайларына орай әрекет ету регламенттері бекітілген.
SOS Қазақстан балалар ауылдарының әрбiр қызметкерi балалардың қауiпсiздiгi мен әл-ауқатына байланысты барлық проблема туралы хабарлауға мiндеттi. Біз барлық хабар мен қауіптенуге, тіпті бастапқы дәлелдер болмаған және күмәнді болған жағдайларда да салиқалы түрде қараймыз. Балаларды қорғау командасы әрбір хабарды зерттейді және қажетті әрекет ету шараларын қолданады. Олар Балалар мен жастарды қатыгездіктен қорғау саясатында және ұйымның ішкі нұсқаулықтары мен регламенттерінде бекітілген.
SOS Балалар ауылдары қатыгез қарым-қатынасқа шыдамау қағидатын ұстанады, өйткені:
Балалар өте осал. Кез келген бала өзіне немқұрайды қарау және қатыгездік қаупіне ұшырауы мүмкін;
Қатыгез қарым-қатынас жағдайлары көбінесе ешкімге белгісіз болып қалуы мүмкін, өйткені баланың өзінде не болып жатқанын біреуге хабарлау үшін ресурстары мен күші болмауы мүмкін;
Көптеген қыздар мен ұлдар көбінесе сырқатына немесе мүгедектігіне байланысты, келбеті әртүрлі болғандықтан немесе әртүрлі тілдерде сөйлейтіндіктен және т.б. себеппен зорлық-зомбылыққа және жәбірлеуге ұшырайды;
Көп жағдайда балалар бұрын сенген немесе жанында тұрып жатқан адамдар тарапынан жәбірлеуге және нашар қарым-қатынасқа ұшырауы мүмкін;
Жәбірлеу немесе қатыгез қарым-қатынастан пайда болған реніш пен жарақат әрдайым байқала бермейді, бірақ олар болашақта баланың проблемалық мінез-құлық танытуына себеп болуы мүмкін және баланың өзінің қорғанышы бар екеніне және қауіпсіздігіне сенімді түрде, қайтадан бақытты және толыққанды өмірде өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет.
SOS балаларды қатыгез қарым-қатынас пен кемсітуден қорғау мақсатында не істейді?
SOS Қазақстан балалар ауылдары мынадай міндеттемелерді өз мойнына алады:
Барлық қауіптену туралы немесе кез келген ықтимал қатыгездік жағдайы туралы ақпаратқа, әсіресе ұйым ішіндегі ақпаратқа орай дереу әрекет ету.
Шамалы ғана зорлық-зомбылық қаупі болған жағдайда әрбір балаға қауіпсіз жағдай жасау
Балалар құқықтарының бұзылуына қатысты әрбiр жағдай мен әрбiр ақпаратты қарап, зорлық-зомбылыққа және баланың мұқтаждығын елемеуге жол бермеу шараларын қолдану.
Ұйымның әрбiр қызметкерiне зорлық-зомбылық пен балалардың құқықтарын бұзуды болдырмайтын балалармен өзара iс-қимыл жасау әдiстерiн үйрету.
Қызметкерді іріктеудің, дербес деректерді және балалардың жеке өмірін қорғаудың жоғары стандарттарын қамтамасыз ету
Әрбiр деңгейде балалардың құқықтарын қорғау жүйесiн енгiзу қажеттiгi туралы қоғамдастыққа хабарлау.
Егер біреуге SOS Балалар ауылының балаларына дұрыс қарамау жағдайы туралы белгілі болса, не істеу керек?
Балалар немесе үшінші тұлғалар SOS Балалар ауылдарының кез келген қызметкеріне қатыгездік жағдайы болуы мүмкін екендігі туралы хабарлай алады. Балалар ауылының әрбір қызметкері осындай өтініштерге орай қалай әрекет етуді үйренген: ақпарат алған соң ол рет-тәртіпке сай әрекет етеді және ақпаратты Балаларды қорғау командасына береді.
Балаларды қорғау командасы – әрбір Балалар ауылындағы жұмыс тобы. Оларға кез келген бала немесе ересек адам өздерін мазалайтын нәрсені талқылау немесе қатыгез қарым-қатынас туралы хабарлау үшін жүгіне алады. Бұл адамдар барлық мәліметтің қаралатынына және құқықтары бұзылған баланың қорғалуы және одан әрі кез келген зияннан қорғалуы үшін барлық мүмкіндіктің жасалатынына кепілдік береді.
Бұдан басқа әрбір Балалар ауылында Сенім жәшігі бар. Кез келген Ауылда баланың құқықтары бұзылғаны туралы өзіне белгілі болған кез келген адам бұл туралы хат жазып, оны Сенім жәшігіне тастай алады.
Ықтимал қатыгездік жағдайлары туралы child.no@sos-kazakhstan.kz поштасына жазуға және + 7 701 67 55 860, +7 727 313 25 71 телефондарына хабарласуға болады.