Қазақстанда қазіргі уақытта балаларды қорғау саласындағы мамандардың жұмысында балалар мен отбасымен жұмыс жасаудың халықаралық тиімді технологияларын тәжірибеге енгізу кезеңі жүріп жатыр. Сондықтан, «Әлеуметтік тәуекел топтарындағы отбасылармен жеке жұмыс істеуде: жағдайды басқару» тақырыбындағы оқыту шарасын ұйымдастыру бұрын-соңды болмаған өзекті мәселеге айналды. Бұл шара 2024 жылғы 27-29 қараша күндері Алматыдағы SOS Балалар ауылында өтті. Оған Литва, Армения, Қырғызстан және Қазақстандағы Балалар мен отбасыны қолдау орталықтарының (БОҚО) отбасыны нығайту жобаларының мамандары қатысты.
«Жағдайды басқару» немесе «кейс-менеджмент» – бұл әлеуметтік жұмыстың озық әдісі. Бұл әдісте отбасыға дағдарыстан шығу жолында барлық кезеңдерде қолдау көрсететін маман бекітіледі. Қазақстанда SOS Балалар ауылдарының БОҚО-тары отбасылармен жұмыс істеуде кейс-менеджментті алғашқылардың бірі болып қолдана бастады.
Шеберлік оқытудың тренерлері тәжірибелі мамандар – Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД және Таяу Шығыс елдеріндегі SOS Балалар ауылы бағдарламасының директоры Римвидас Аугутавичюс және Қазақстандағы SOS Балалар ауылдарының баламалы қамқорлық формалары бағыты бойынша жетекшісі Лия Левицкая болды.
«Бұл тренинг мен үшін шынайы жаңалық болды! … Маған әсіресе қолдау мен қауіпсіздік атмосферасы ұнады. Бұл ортада ойларыммен еркін бөлісуге мүмкіндік болды. Тренингтің жетекшілері – нағыз кәсіпқойлар. Олар білімді беріп қана қоймай, өзгерістерге шабыттандыра алады!»
Меруерт, Теміртау БОҚО
Үш күндік тренинг барысында мамандар талқылады:
- кейс-менеджменттің қағидаларын, бағалау құралдарын қолдану тәжірибесін;
- кейс-менеджменттің негізгі қағидасы – балаға бағытталған көзқарасты;
- SOS Балалар ауылдарында қолданылатын отбасылардың жағдайын жақсарту әдістерін.
«Тренерлер жеке көзқарастың маңыздылығына назар аударды: ұқсас белгілер бірдей шешімдер қолдануға негіз бермейді. Әр жағдайды терең талдау – тиімділіктің кепілі».
Ләззат, Астана БОҚО
Шеберлік оқыту тек теориялық аспектілерді ғана емес, сонымен қатар практикалық жағдайларды қарастыруды және белсенді тәжірибе алмасуды да қамтыды. Практикалық талдаулар маңызды, өйткені пікірталастар, ақпарат алмасу барысында жаңа гипотезалар туындап, олардың жүзеге асуы қиын жағдайдағы отбасылардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Біз үшін бұл тренинг жаңа білімнің қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар тәжірибе мен тиімді әдістер алмасудың нағыз алаңына айналды. Әртүрлі елдердің мамандарының қатысуы – біз үшін өте құнды әрі маңызды болды. Бұл кейс-менеджментке жаһандық көзқарастарды тереңірек түсінуге мүмкіндік берді».
Елизавета, Алматы БОҚО
Біз үнемі білімімізді жаңартуға және мамандардың кәсіби тұрғыда күшейгісі келетін ұмтылысын қолдауға тырысамыз.